«Forbes» журналы ТМД елдері арасындағы
ең үздік тау шаңғысы курорттарының рейтингін жасады. 15 үздік курорттың бірі ретінде алматылық «Шымбұлақ» та танылды. Айтпақшы, 2013 жылы «Шымбұлақ» қысқы демалысқа арналған 10 үздік курорттың тізіміне ілінген болатын.
Көшбасшы болып қалу үшін Шымбұлақта бәрі бар: тау шаңғысы трассалары Халықаралық тау шаңғысы спорты федерациясының (FIS) аттестациясынан өткен, сондай-ақ кәсіпқойлар мен жаңадан бастаушыларға арналған трассалар бар. Оған қоса, Алматы — 2022 жылғы қысқы Олимпиаданың екі үміткерінің бірі, мүмкін, дәл осы жерде көп ұзамай тау шаңғысынан жарыстар өтер.
База жұмысының тәртібі: қарашадан сәуірге дейін. Мұнда 6 көтергіш, жалпы ұзындығы 4 км болатын 8 трасса жұмыс істейді, могул трассасы бар. Жылдамдықпен төмен түсу және алып-слалом трассалары әлемдегі ең күрделі он трассаның қатарына кіреді.
Шаңғыдан басқа әлемдегі ең биік таулы «Медеу» мұз сарайын көруге болады. Бірегей салқындату жүйесінің арқасында мұз айдыны жылына сегіз ай — қазаннан мамырға дейін кәсіпқойлар мен әуесқойларға ашық.