Алматы қаласының балалар инфекциялық ауруханасы директорының орынбасары Қарлығаш Абдрахманова күн соққысы жылу соққысының қауіпті түрлерінің бірі екенін айтты. Ол бас пен денеге тікелей күн сәулелерінің ұзақ әсер етуінен пайда болады.
Белгілеріне қатты бас ауруы, бас айналу, әлсіздік, жүрек айну, құсу, жүрек соғысының жиілеуі және температураның көтерілуі жатады. Ауыр жағдайларда есін жоғалту, құрысу және кома болуы мүмкін.
Алғашқы көмек
Алғашқы белгілерде адамды дереу көлеңкеге немесе салқын жерге ауыстыру, артық киімді шешіп, ауа ағынын қамтамасыз ету керек. Маңдай, мойын, қолтық және шап аймақтарына салқын компресс қою керек. Егер зардап шеккен адам есінде болса, оған салқын суды аз-аздан ішкізу керек.
Жағдайы нашарлағанда, есін жоғалтқанда, қатты құсқанда немесе температура жоғары болғанда жедел жәрдем шақыру қажет. Алкоголь, кофе және тәтті газдалған сусындар беруге, сондай-ақ мұзды сумен немесе спиртті ерітінділермен салқындатуға болмайды.
Алдын алу
Алматы қаласының ДСЭК басшысының орынбасары Әсел Қалықова жазғы кезеңдегі шаралардың маңыздылығын атап өтті. Дәрігерлер 11:00-ден 16:00-ге дейін күнге шықпауды, бас киім киіп, ашық түсті жеңіл киім киюді, сондай-ақ таза суды үнемі ішуді ұсынады.
Балаларға, қарт адамдарға және созылмалы аурулары бар адамдарға ерекше назар аудару қажет.