Мемлекет басшысы көлік-логистика саласының стратегиялық маңызын атап өтті. Оның сөзінше, аймақтағы барлық елдер бұл бағытқа назар аударуды күшейтіп отыр, сондықтан бәсеке өсуде.
Өткен жылы Достық — Мойынты учаскесінің екінші жолдарында және Алматы айналма желісінде қозғалыс іске қосылды. Биыл Мойынты — Қызылжар және Дарбаза — Мақтаарал желілерінің құрылысы аяқталуда. Келесі жылы Бахты — Аягөз магистралі іске қосылады.
Тоқаев сондай-ақ автожолдарды жақсарту қажеттігін атап өтті. Өткен жылы 13 мың шақырым жол жөнделе бастады, оның ішінде 6 мың шақырымы пайдалануға берілді. Мұндай жұмыс көлемі алғаш рет жүргізілді.
Соңғы бес жылда транзиттік автотасымалдау көлемі екі есе өсіп, алты миллион тоннаны құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша автотасымалдаушылардың табысы бір жарым триллион теңгені құрады. Президент осы саланың кәсіпкерлерін жан-жақты қолдауды тапсырды.